Айуанның естесі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ

Ыбырай Алтынсарин

Ит адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң, құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі; бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтармыз.
Англия жұртының ең үлкен Лондон деген қаласында өрт болған уақытта, күйіп жатқан үйдің ішінде қалған балаларды алып шығуға үйретілген иттер бар. Соның біреуі Боб деген ит он екі баланы өрттен алып шығыпты.
Бір күні бір үй жанып, өрт сөндіргіш адамдар келген уақытта, бір қатын жылап тұрды, балам жанып жатқан үйде қалды деп. Өртшілер әлгі Бобты жіберді: Боб баспалдақпен үйге кіріп, түтін ішінде жоқ боп кетіп, біраздан соң баланы көйлегінен тістеп қана алып келді. Шешесі қуанып баласын алды, өртшілер иттің өрт шалған жері жоқ па деп қарап тұрғанда, Боб өршеленіп жанған үйге қарай тағы ұмтыла беріпті. Өртшілер ойлады шамасы үйде тағы бір бала бар шығар деп; сонымен Бобты және қоя берді. Біраздан соң Боб, ауызында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әкелгені бір үлкен қуыршақ екен.