Алтын шеттеуік

Ыбырай Алтынсарин

Бір үлкен мейрам алдында, әкесі балаларын қуанту үшін үйіне әртүрлі жеміс алып келді. Леночка деген кіші қызы сол келтірген көп жемістің ішінде, сырты алтындаған шеттеуіктерге қызығып, соны маған бер деп қоймады. Шешесі айтты:
— Бұл шеттеуіктер тек әдемілікке істелген, мыналарды ал, — деп, бөтендерін беріп еді, Леночка жылай бастады:
— Мен қара шеттеуікті алмаймын, алтын тыстысын аламын, оның ішіндегі дәні де тәтті шығар — деп. Шешесі тіл алмайтын қисық баланың дегенін істегеннен артығы жоқ екенін ойлап, Леночкаға алтын тыстыларын, бөтен балаларына бөтен шеттеуіктерді таратып берді. Леночка қуанып шеттеуіктерін дереу шаға бастады, қараса, бірінің де ішінде дәні жоқ, бос қабықтар екен. Мұны көріп қасындағы балалар мазақтап күле бастады. Сонда атасы айтты:
— Бұл шеттеуіктер жеу үшін істелген емес, тек көзге әдемі көріну үшін қойылған; мен шеттеуіктердің бос қабығын алып, сыртын күміспен бояп қана қойып едім, екінші рет не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, асылы ішінде болар, — деді.