Асыл шөп
Ыбырай Алтынсарин
Зылиха мен Бәтима деген біреудің қызметінде тұрған екі қыз бала төбесіне бір-бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға келе жатыпты. Зылиха аһілеп-уһілеп, Бәтима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Зылиха айтады:
- Сен неге мәз болып, қуанып келесің? Төбеңдегі жәшіктің ауырлығы менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің.
- Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым, - дейді Бәтима.
- Ай, ондай болса, сол шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырымды жеңілдетейін, - деді Зылиха.
- Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын. Оның аты – «сабыр», - деп, айтқан екен
.