Ақын өлімі туралы аңыз

(Майданда ерлікпен қаза тапқан ақын досым Абдолла Жұмағалиев туралы бір жыр)
Майдан етіп дүние төрін,
Темір гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп Өмір, Өлім,
Соққыласып жатқан жоқпа...
Арқалап сол майдан жүгін,
Қалың жаудың ортасында,
Көкірегінің кекті зілін,
Қоса түйіп қорғасынға,
Қанды қырғын, қапылыста,
Айырылып бар жолдасынан,
Жараланған жолбарыстай
Өрт жанарлы бір жас ұлан,
Ырғып бұлттан түсер жайдай,
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын тас бекініп.

  • * *

Өмір гүліп жаншып таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жермізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм-жендеттер.
Жиіркеніп, жыйрылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Суын алып қашты өзендер,
Жел қанатын жайып қарсы,
Сабалады жауды бетке.
Сол айлақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке...
Қанды көбік қара топан
Ортасында бейне шын тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.

Қойып айды қарауылға,
Күп де шомды ұлы ұйқыға,
Қонды орманға қорғасын бұлт.
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт,
Ойшыл орман мүлгіп-қалғып,
Төңіректің сырын аңдып,
Ақырын ғана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.

Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр-сұтыр,
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр.
Сол бір оттан ыршып бір шоқ,
Түсті ме ер кеудесіне, —
Қойылғандай болды сол от
Динамиттің пілтесіне.
Қасақы жау қарсы алдыңда
Қасақана көрсетіп қыр,
Сенің алтын ошағыңда,
Ұрлық отын жағып отыр.
Түскен ұры терезеңнен,
Қапылыста салып жара,
Қуса сені өз төріңнен,
Көнсең соған не масқара!..»
— Құдірет күші жер-жаһанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың,
Күллі әлемнің ашу — көгі,
Орна менің кеудеме кеп,
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!
Еңкейе түс өз жалауым,
Көтеріл ел намыс туы! —
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ-жұрқ етіп жан ашуы.

Қанды пышақ жау күлкісі.
Қақ жарғандай түп жүрегін, —
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін,
Ер күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Қыймай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп тасын,
Жүрегіндей сол аймақтың
Алас ұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан, —
Кеуде кегі, жан ашуы
Кетті өтіп «от өзектен...»
Көтерілді жаудың шуы,
Түскендей-ақ қаһар көктен.

Айнала жау ырсыл қағып
Айдаһардай көтерді бас.
Кетті лезде қызып-жанып,
Дүниедегі бір ұлы айқас.
Зіл-зәле боп жер мен аспан,
Соқты ұйтқып оқ бораны,
Қап кілкіте қара тастан,
Түткіледі кең даланы;
Түсіргендей көктің мыйын,
Зіркілдеді зеңбіректер,
Естігендей дозақ күйін,
Көрден ытқып шықты өліктер.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар,
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап суға сүңгіді жар.

Ұмтылды жау ондап, жүздеп,
Тойтарам деп ердің сағын,
Тұтқын етіп аламыз деп,
Айқара ашып оқ құшағын.
— Ала алмайсың! деді ер ұлан.
«Алмай қойман!» деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау құрсауы
Жеті қабат жер өзегін,
Ж.арып шыққан отты селдей,
Бет қаратпай өртеп лебі,
Оқ орағын орай сермеп,
Соғып жерге жау жүрегін,
Төңкерілтіп төңірегін,
Бұрсанды кеп батыр ұлан,
Автоматтан түтетіп оқ,
Жау тобына лақтырылған
Жер мен көктің кәріндей боп.
Қанжарына қарақшының,
Қарсы тосып өз кеудесін,
Қорғады жер батыр ұлтын —
Жаралы ана жыйып есін.

  • * *

«Алмай қойман!» деді дұшпан,
— Ала алмайсың! деді ер ұлан.
Қайсарлықпен шыққан даңқы
Келе жатты дүлей танкі.
— О, құдірет, құнсыз темір,
Кеше ғана жатқан шаңда,
Біткендей-ақ бойына өмір,
Зірк-зірк етіп қан майданда,
Көрдіңдерме, енді мынау,
Сайысады адаммен бұл!
О, зымыян сұрқыя жау!
Қайран өнер, қайран ақыл! —
Деді де Ол жалын шарпып,
Жіберді өртеп жау танкысын.
Ол темірден алды тартып,
Адамзаттың өнер-күшін.

Ыза боп жау жіберді өрт.
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматы ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық...
Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға,
Күліп тұрып сатқан сұмға,
Менбе екенмін болар тұтқын!?
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып, қарады өртке,
Қалды қатып, салып зейін,
Таң — ғажайып бір суретке:
Қызыл-жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап,
Айтып жұмбақ өлеңдерін,
Аңыз болып бір- сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін,
Келе жатты от сұлулар.

  • * *

Ашып отқа омырауын,
Естісін, деп, қырсық жауым,
Айтты. Ол, шырқап өрт ішінде
Сүйген әні — «Карғамауын!»..
От сұлулар ыстық тілмен.
Өтті ұланды сүйіп-сүйіп...
Қапсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жыйып,
Шұғыла шалған кешкі бұлттай
Толқын шашта оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұқтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге.

  • * *

Қара түнгі қанатындай
Алыстағы нажағайдың,
Жарқ-жұрық етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай.
Жан күнінің нұр шапағы
Күлкі ойнады келбетінде,
Сәл шытынап ай қабағы,
Ең соңғы рет келді тілге:
«Жау жаныпда сен сүйкімді,
Кел бері өлім, күйіңді шерт?
Менің адал жүрегімді
Жау алмасын, сен алшы өрт.
Хош бол, енді, туған елім!
— Кетті, де бір қарыздар жан.
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед, арман-арман.
Осы-ақ болды келген қолдан,
Осы-ақ болды-ау, әттең, шіркін!
Сен бөгелме ұлы жолдан,
Қайран халқым, қайран жұртым!
Сенің ашу — арыстаның
Сілкуші еді жер мен көкті,
Ту сыртынан соғып жанын,
Алшы жаудан, алшы кекті!
Жасашы той! Бәлкім сонда,
Еске алып бұл бөбегіңді,
Бір азамат өз ортаңда,
Оқыр менің өлеңімді...
Хош бол енді, туған елім!
Кеттім-кеттім боп қарыздар.
Жоғал жауым! Кел бері өлім!
Хош бол достар! Достар! Достар!
Уа, дүние... деген даусы
От ішінде сәл тұншығып,
Өмір ақтық музыкасы
Басталды да қалды тынып.

  • * *

Қағып алып сол бір күйді
Жалғастыра көкте жырлап,
Өрт үстінде көк түтінде
Құстар байғұс жүр шырылдап.
Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарымен шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жыиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткендей ед дүние сыйып...
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құлпырып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жардай қайран өмір
Қыйналдырмай қалатынбең?
Желпуші еді Ол, жуытпай кір.
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым, кейде жалын,
Арбады елес көз жанарын.
Көрді бәрін, құшты бәрін
Туыстарын, жан достарын...
Кенет осы сұлу сурет
Тұрған жайнап, көзді тартып,
Сұп-сұрланып, о керемет,
Орны-орнында қалды қатып!
Тұр еді Ол, үсте жалын
Алтын тудай шалқып, лаулап
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекте түсті аунап.

  • * * Ұшты құстар шар тарапқа,

Хабарлауға ер өлімін.
Ұмтылды жау таптамаққа
Ең болмаса қалған күлін.
Бұлтып жыйып көкірегіне
Күрсінді бір аспан ауыр.
Қос қанатын соғып жерге
Азаланып жетті дауыл.
«Таптатпан, деп, күлін жауға»
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.

ЭПИЛОГ
Ата қазақ ақсақалды,
Атыңа мін, ал домбыра,
Жыйна жырмен ұрпағыңды,
Аш кеудеңді батырыңа!
Жыйна-жырла, жыйна-жырла,
Мына ұлы бата оқырға,
Алтын тулы ару таңның
Жаралғандай шапағынан,
Жүрегіндей сұлу жардың
От қанатты ақын ұлан,
Жан еді бір жатқан жұмбақ,
Сол бір жұмбақ шешілді енді.
Қайғы отында қайрат шыңдап,
Түсір еске есіл ерді.
Аты оның еді Абдолла,
Алшы жаттап балғын бөбек,
Алтын қалам алшы қолга,
Ағаңа ұсап жазшы өлең.
Аш жүзіңді, шашыңды жый,
Жас сұлулар, шық ортаға...
Ойнашы күй, ойнашы күй,
Жасыңды тый қарт ата-ана...
Соқсын дауыл даусымыздан,
Жырлайықшы қосылып бір!
Көрдіңбе, әне, сонау құздан
Күле қарап Абдолла тұр.