Білгеннің пайдасы
Бір қарт ұста күні-түні тынбай іс соғып отырады екен. Оған көрші, заманындағы бір зор бай, Броун дегеннің баласы ойнап жүріп қызыққа күнде ұстаға келіп, іс соққанына қарап тұрады екен. Бір күні ұста мырзаға айтты:
— Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір күндерде сол өнердің де керегі болар.
Бала нем кетеді деп, күнде мазаққа шеге соғып жүріп, бірнеше күнде жақсы соғуға үйреніпті.
Мұнан соң бірнеше жылдар өткен соң, жұртында қатты жаугершілік басталып, Броунның мал-жаны таланып бітіп, өзі қатын, баласымен қашып шығыпты. Сонымен, ішерге-жеуге, киюге де кем-тар соғып, бір қалада жүрген уақытта, қаланың әкімі бұйрық шашты: әскерге көп етік керек, жақын жердегі қалалардың сататын мығы[1] таусылды, мық даярласын, деп. Сонда манағы мырзаның мазаққа үйренген өнері есіне түсіп, патшалық етікшілерге хабар салды:
— Егер көп мық-шеге керек болса, мен пөдіретін аламын, — деп.
Етікшілер істеген мығын керіп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне дейін кемдік көрмей өтіпті-міс.
- ↑ Мық — шеге