Жаз (Ыбырай Алтынсарин)

Ыбырай Алтынсарин

* * *


Сәуірде көтерілер рақмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы...
Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жердан шөпті нұрдың буы!..

Жақындар құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Аспаннан рақымменен күн төнгенде
Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.

Шапақтан бұлты шығар мұнарланып,
Жаңбыры күндер түсер тұманданып.
Адамзат нәр ауасын судай жұтар,
Жетпеген үлкендікке жас балалар,
Шөл тартқан айуандарша құмарланып,
Жүгірер ойдан-қырға жұмарланып...

Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,
Нөсердің қуатымен жер шөбі өсер.
Көкорай дүниежүзі шалғын болып,
Жын, айуан, адамзат баурын төсер.
Жан-жәндік рақат тауып тқұру үшін,
Ұшпақтан хош иісті желдер есер.

Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,
Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен...
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ел шығады алуан-алуан.
Күлісіп, құшақтасып әзіл етер,
Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған...

Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып, ықыласпен келген жылға...
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар күліп кел деп мұнда!..
Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна...

Адамзат сайран етер көңілі жай,
Секіріп ойын салар құлан мен тай.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасиды күркіреп өзен мен сай.
Аяғын алшақ басып түйе шығар,
Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!

Кеш болса күн қонады таудан асып,
Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып,
Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар
Рақатпен кеш уақытында неше асық...
Боз үйден таң алдында күйеу шықса,
Артынан қарар жары жүзін басып.

Құдайға шүкір етер жас пен кәрі,
Бердің деп жанға рақат мұндай дәрі!
Жын-айуан, адамзат, құрт-құмырсқа
Разылық бір құдайға асар зары.
Қырда орман, жер жүзінде бәйшешектер,
Шуылдап шүкір етер мұның бәрі!