Тышқанның өсиеті

Ыбырай Алтынсарин

Тышқан баласына оңашада үйретіпті, адам деген мықты жауымыз бар, ағаштан қақпан құрып, үстіне ғана май байлап қояды, соны жеймін деп барсаң, қақпай ұстап алады, балам, соған жолай көрме, деп. Бір күні әлгі баласы ойнап жүріп, майдың исі шыққан соң, неғылып қойған екен деп, қасына жоламай, алыстан сығалап қана қараса, шешесінің айтқан қалыбынша қақпан, үстінде майымен тұр екен. Ойлады: қарашы адамның ақылсыздығын, ағаштаы қақпан ғана істеп, үстіне май байлап, бізді қызықсын деп қойғанын, біз сол қулыққа бола қоямыз ба деп, олай-бұлай одыраңдап жүгіріп жүрді де айтты:
— Сүйтсе де, айхай майы құрғырдың исінің жақсысын-ай, жемесем де биттей ғана жақындап иіскеуге болады ғой, — деп, бірте-бірте жақындай-жақындай бара жатқанда, қақпан тарс етіп тышқанды жаншып тастады.