Шеше мен бала

Ыбырай Алтынсарин

Шешесі қыз баласынан сұрады:
— Берген ақшамды қайда қойдың?
Бала:
— Біреуге бердім.
Шешесі:
— Кімге?
Бала:
— Бір тентек балаға бердім.
Шешесі:
— Мұнан былай тентек болма деп берген шығарсың?
Бала:
— Рас, әже, екінші рет тентек болма дедім. Құс та құдайдың жәндігі ғой, әже?
Шешесі:
— Біз де, құс та, бөтен жан-жануардың бәрі де құдайдың жаратқан жәндігіміз.
Бала:
— Әлгі бала құдайтағаланың жаратқан кішкентай құсын ұстап алып, сатайын деп жүр екен. Құс кісі аярлық болып, шиқылдап тұрды; сонда алып жүрген бала тұмсығын қыса береді, бейшара құстың дауысын құдайтағала есітеді деп қорыққан шығар деймін.
Шешесі:
— Онда сен неғылдың?
Бала:
— Мен балаға ақша беріп сатып алып, құсты ұшырып қоя бердім. Менің бұл ісім сауап емес пе?
Шешесі:
Әрине, сауап, бейшараларға қайырымды болғаның.
Бала:
— Ол бала, кім біледі, кем-тарлықтан құсты сатуға жүрген-ау?
Шешесі:
— Мен де солай ойлаймын.
Сонда сөйлеп отырған бала, сіңлісіне қарап:
— Мана ақшамның бәрін бергенім жақсы болған екен, — деді. Сіңлісі шешесіне қарап:
— Әжемен екеуіміз мана бәстесіп едік, ол балаға апам құсыңның бәсі не деп те сұрамай, ақшасының бәрін берді; мен айттым: құстың бәсі не деп сұрау керек еді деп, қайсымыздікі дұрыс?
Шешесі үлкен қызына қарап айтты:
— Сенің де бұл істеген ісіңді дұрыс демеймін. Егер тағы бір манағыдай бала жолықса, ақшаңның бәрін бастапқы балаға беріп қойдың, соңғыға не берер едің?
Үлкен қызы:
— Онда мен тағы да саған келер едім.
Шешесі:
— Егер менде де мал, ақша болмаса қайтер едің?
Бала:
— Онда... — деп, не дерін біле алмады.
Шешесі:
— Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әрнәрсеге күтімді болу керек; құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Ол құстың өзі не құс екен?
Балaсы:
— Мен сұрағаным да жоқ, әже, өзің айтушы емес па ең, жақсылық еткен жаныңның атын да сұрама деп.
Шешесі күліп:
— Солай, солай, шырағым, — деді.
Балaсы:
— Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде, әуелі қуанғаннан тіпті ұша алмады; онан соң құсты сатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп.
Шешeci:
— Қызым, жақсы ic етіпсін, мінекей саған тағы да теңге.
Қызы:
— Алла разы болсын, әже.
— Шырағым кызым, әрдайым осындай рақымды бол, саған мұның үшін құдай рақым етер, — деді.