Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері
by Шортанбай Қанайұлы
290170Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздеріШортанбай Қанайұлы

Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
Иман бермей қалмайды көңілі аққа.
Шортанбай өзі тірі заманында
Сапар шегіп барып қайтты Семей жаққа.
Құдайдың, ойлап тұрсам, қаһары қатты,
Тірлікте пенденің жаны тәтті.
Бір күні кеш боп кетіп ел таба алмай,
Далаға мейман болып қонып жатты.
Жатқанда екі кісі түсіме енді,
Қасыма түсі суық кісі келді.
Кісінің сипатынан қорыққаннан:
«Жаһанда мен көрмеген киме?» — деді.
«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен — Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
Шүкір қыл иман айтып, Шортанбайы,
Құдайдан жетті бұйрық, келді саған».
Екенін періштелер көңілім білді,
Дем алғызбай кеудеме келіп мінді.
Қолында күр бар, түсі суық,
Жаныма бір шыбындай қысым қылды.
Келтірдім сонда тұрып сұбхан Алла,
Мен білдім жүрмесі бұл жаһанда.
Көнбеске, құдайыма шарам бар ма?
«Беруге бір күн рұқсат аял бар ма?»
Түсіме періштелер кіре берді,
Үстімнен сол сөзбенен түрегелді,
«Ажалың ертең кешке болады», —
деп, Бір күнге аял беріп жүре берді.
Өзімді келтірейін сөз басына,
Қатты қиын ісім бар өз басымда.
Ұйықтап жатқан жерімнен оятып ап,
Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.
Амал жоқ, енді жүрдік, күн-түн қатып,
Жәкеме кетейін деп арыз айтып,
Жәкеме қатын-бала тапсырайын,
Келген бе өлген адам тірі қайтып?
Өлімге жақын болды менің басым,
Бір Алла ақыретте жарылқасын!
Жалғаннан ақыретке көшпек болдым,
Кеше гөр, үш жолдасым, жолдас атын.
Таң ата Жан құтты енді келдім,
Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім.
Келген соң ажал жақын амал бар ма,
Белгілі жүйрігі едім тамам елдің.
Семейден торт ат алдым бес жүз теңге,
Тоймады екі көзім бұл жалғанға.
Көрмедім қатын-балам өз үйімде,
Мен көштім бұ дүниеден боп арманда.
Үйінен Жөкем шықты түске таман,
Айтыстым сәлемнен соң есен-аман,
Алладан ажал жақын келді білем,
Келмеді сөйлесуге енді шамам.

 * * *
Арқаның жазы бейішті,
Жылқының еті жемісті.
Жағаласқан дұшпаннан
Көрерсің, қазақ, кейісті.
Құранда жазған тіл бар ма,
Жүр-жүрлеп алар жүрісті,
Күннен-күнге тарылтып,
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс қойыпты
Некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес,
Күнінде содан тартарсың,
Абақтыға жатарсың.
Қыз сыйламас енесін,
Арттым деп егесіп.
Салыстырар денесін
Пысық сынған немесі.
Көзіңді ойып барады,
Күнде тесіп төбесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Болмаса тәңірім демесін.
Азаматтар, әлеумет,
Мұның несін сөгесің?!
Жас сыйламас ағасын,
Алып жыртты - ау жағасын!
Зар заманның сөзі осы,
Тыңдасын мұны құлағың.
Абылай ханның тұсында
Сотқар еді бұл орыс,
Арбасын артып оң қылған,
Отын сатып пұл қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің басы қара дөң,
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен көл екен.
Атты кердең естіріп
Арқаның тарлау шөбі екен,
Жігітті кердең өсірген
Ат пенен малдың демі екен.
Ұрлық қылып мал жиды,
Өтірік сөйлеп жан жиды,
Ойлап тұрсам, жігіттер,
Не қылса құдай еп екен!


This work was published before January 1, 1929, and is in the public domain worldwide because the author died at least 100 years ago.