Әлім кісі
Бір зор әлім молдадан жаңа дінге кірген бір адам:
— Тақсыр, мен иманды қалай етсем үйренемін? — деп сұрапты.
Әлім айтты:
— Шыққан күн мен айдан, көк пен жерден, су мен желден, жер мен таудан, жаңбыр мен қардан үйрен, — деді.
Сұрап тұрған адам бұл сөз не сөз екенін біле алмай дағдарып тұрды. Сонда әлім айтты:
— Далаға шықсаң көк пен жерді көресің, күн мен айды, көк үстінде жұлдыздарды, тауды-тасты, жел мен жаңбырды — осының бәрін көресің, соларға қарап ой жіберсең, оның бәрін адам жаратуға қолынан келер істер емес; олай болса, соның бәрін жоқтан бар еткен бір құдіретті ие болса керек, біз көрмеген. Сол ақылға ойланып жетіссең иманыңның жартысы тамам болғаны, — деді.