Ыбырай Алтынсарин

* * *


Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты сарқыраған.

Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда[1] тілсіз тұрған тоғайлары
Шуылдап желмен бірге бас ұрады...

Он мың мал айдап өтсең де лай қалмайды,
Тасыса су бармаған сай қалмайды.
Тасыған өзен судың қуатымен
Көк шалғын шөп бітпеген жай қалмайды.

Ел қыстап күн көреді жанабында[2],
Дәм болар алуан-алуан балығында...
Тас таста, алтын таста сынамаққа,
Сонда да аққан өзен қалыбында!

Құдіретін құдайымның көресің бе,
Не нәжіс тоқтар өзен денесінде...
Арыстан демалуға суға кірсе,
Балықтар шымшып ойнар терісінде...



  1. Қынарда — жағасында
  2. Жанабында — маңайында